Түрмедегі ақын, белсенді, диссидент Арон Атабекті босату жөнінде 2,5 мың адамның қолы қойылған хат президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданды. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында хабарлады.
"Қоғамның президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Арон Атабекті бостандыққа шығару жөніндегі үндеуі жіберілді. Хатқа 2,5 мыңға жуық қол қойылды, 377 репост жасалды. Көп рақмет!" делінген хабарламада.
Арон Атабекке рақымшылық жасау жөніндегі хатқа қол жинау өткен аптада басталған.
Айта кетейік, 18 тамыз күні Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігі тобының өкілдері Павлодар облысындағы АП-162/1 түзету мекемесіне жазасын өтеп жатқан ақын Арон Атабекке барғаннан кейін, оның халінің нашар екенін айтқан еді.
Арон Атабек 15 жылдан бері түрмеде отыр. Ол 2006 жылғы "Шаңырақ" оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған. Сот Атабекті "Шаңырақ" оқиғасы кезінде қаза тапқан полиция қызметкерінің өліміне айыпты деп таныған.
Тоқаевтың атына жазылған хатты мына сілтемеден оқи аласыз.
Пікір қалдыру